
Ақмола облысындағы CAREC және Coca‑Cola жобасы суару шығындарын 6 есеге азайтуға көмектесті
Орталық Азияның Өңірлік Экологиялық Орталығы Coca‑Cola-мен бірлесіп Қазақстанда суару суының шығындарын 6 есеге азайтуға мүмкіндік берген суды үнемдеу бойынша проблемаларға өз көзқарасын және тиімді жобаларын ұсынды
06/11/2024
Орталық Азияның Өңірлік Экологиялық Орталығы (CAREC) Coca‑Cola Қазақстанмен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі бойынша өз көзқарасын ұсынып, су үнемдеу бойынша тиімді жобаларды «Бизнесті орнықты дамыту табысының негізі ретінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» атты есеп беру шарасы аясында бірлесіп таныстырды.
Су ресурстарын сақтау және толықтыру - Coca‑Cola компаниясының жаһандық орнықты даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Компания Әлемдік ресурстарды зерттеу институтының су тапшылығын бағалау, сондай-ақ ішкі ақпарат негізінде су қауіпсіздігі саласындағы өзінің стратегиясы мен жобалық жоспарларын құрады.
Қазақстандағы су үнемдеу жобалары тікелей фермерлік және мал шаруашылығы шаруашылықтарының экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған және 2010 жылдан бастау алып келеді. Мәселен, 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың наурызы аралығында The Coca‑Cola Foundation қорының қаржылық қолдауымен Есіл өзені бассейнінің Арнасай және Степногор аудандарындағы тозған жерлерді қалпына келтіруге және ауыл шаруашылығы қауымдастықтарын қолдауға бағытталған Орталық Азияның Өңірлік Экологиялық Орталығының (CAREC) экологиялық бастамасы іске асырылды. Жоба бюджеті 100 мың долларды құрады. Оның негізінде ландшафттар мен суайрықтарды қалпына келтіру, фермерлерді оқыту және аймақтың экономикалық дамуына инвестиция тарту мақсатында жерді тұрақты пайдалану (SLM) тәжірибелерін енгізу мен масштабтау жатыр.
Осылайша, бастама қоршаған орта мен жергілікті экономикаға оң әсер ететін шаруашылық жүргізудің экологиялық жауапты тәжірибелерін қолдай отырып, жерді қалпына келтіру және ауылдық қауымдастықтардың өмір жағдайларын жақсартуға арналған тұрақты шешімдер жасауға бағытталған.

2024 жылдың маусым айында Coca‑Cola Icecek қолдауымен бұл ынтымақтастық жалғасын тапты – Орталық Азияның Өңірлік Экологиялық Орталығы (CAREC) мен «Ирригатор Қазақстан» ЖШС арасында өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарында тамшылатып суару сынды су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған шарт жасалды. Жобаны іске асыру нәтижесінде Целиноград ауданында орналасқан «Нива» шаруашылығының тәжірибелік алқаптарында дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда су тұтынуды алты есеге азайтуға мүмкіндік туды.
Жалпы ауданы 200 га шаруашылық Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы қаласының қала маңындағы аймағында, Астана қаласынан 35 км жерде орналасқан. Ауданы 2 га және 3 га болатын екі учаскеде жер үсті-тамшылатып суару технологиялары енгізілді, бұл су, тыңайтқыш және еңбек шығындарын едәуір төмендетуге, сондай-ақ топырақ эрозиясының алдын алып, дақылдардың құрғақшылыққа төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
2024 жылғы маусымда жалпы ауданы 5 га екі аумақта 3295 м3 немесе 659 м3/га су жұмсалды. Салыстыру үшін, дәстүрлі арықтап суару кезінде сол алқапта және ұқсас жағдайларда (егістік алқабы, тәуліктік суару нормасы, өсірілетін дақыл және өсімдіктер саны) орташа су шығыны маусымына 3900 м3/га-дан асып түсетін еді.
Осындай сәтті нәтижелер келесі маусымда аталған технологияны енгізуді жоспарлап отырған көрші шаруашылықтардың қызығушылығын тудырды.
Coca‑Cola Icecek Қазақстан корпоративтік қатынастар және орнықты даму жөніндегі директоры Алима Исембаеваның айтуынша, компания көп жылдар бойы бизнесті орнықтыру жолында жұмыс істеп келеді: «Біз бұл ынтымақтастықты бірлескен күш-жігермен өзекті мәселені шешуде елеулі нәтижелерге қол жеткізу және жалпы елдегі ауыл шаруашылығының тұрақтылығын жақсарту мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Жаңа әдістер мен технологияларды енгізудің алғашқы нәтижелері дұрыс жолда екенімізді бағалауға мүмкіндік береді».
20 жылдан астам уақыт Coca‑Cola компаниясы БҰҰДБ, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қоры, Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы, «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығы секілді ұйымдармен ынтымақтасып келеді. Осы ұйымдардың су жабдықтауын қалпына келтіру және суды үнемдеу жобалары, Coca‑Cola халықаралық қорының гранттарымен қолдау тауып, жыл сайын қоршаған ортаға 1,8 миллиард литрге дейін су қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда компанияның сусындарын өндіруге пайдаланылатын су көлемінен шамамен 3 есе көп. Компанияның Қазақстан су ресурстарын қалпына келтіруге 1 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салуының арқасында соңғы 10 жылда 10 миллиард литрден астам су сақталды.
Бүгінгі таңда Coca‑Cola Орталық Азиядағы экологиялық тепе-теңдік пен әлеуметтік әл-ауқатты сақтауда шешуші рөл атқара отырып, су және энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттырып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда.