Coca‑Cola қоры мен БҰҰДБ Арал өңіріндегі 4000 адам үшін таза суға қол жеткізуді жақсартады
Coca‑Cola және БҰҰДБ бірлескен жобасының арқасында Қазақстанның Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Тахтакупыр ауданы қоғамдастығының 4000-ға жуық тұрғыны 2026 жылдың соңына қарай таза ауыз суға қол жеткізе алады
30/06/2026
Тұщы судың тапшылығы, қайнарлардың жоғары минералдануы және Арал теңізінің экологиялық проблемаларының зардаптары Орталық Азия үшін негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала береді. Шалғай елді мекендерде тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізудің шектеулілігі және тұрақты су инфрақұрылымының жоқтығы мәселелеріне тап болады.
Арал өңірінің халқын қолдау үшін БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Coca‑Cola қорының қаржылай қолдауымен қауіпсіз ауыз суға қол жеткізуді жақсартуға және Өзбекстан мен Қазақстанда су ресурстарын сақтау жөніндегі шешімдерді енгізуге бағытталған жобаны іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты — халықтың өмір сүру сапасын арттыру, су үнемдеу шешімдерін енгізу және Арал өңірінің неғұрлым осал аудандарында су ресурстарын басқарудың тұрақты тәжірибелерін дамыту.
Жоба 4000 адам үшін таза суға қол жеткізуді жақсартуға және Қазақстан мен Өзбекстанда су ресурстарын сақтауға бағытталған.
Бастаманы БҰҰДБ-ның Қазақстандағы және Өзбекстандағы кеңселері бірлесіп іске асыруда. Жобаны іске қосу туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті өкілдерінің қатысуымен Ташкент халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде жарияланды.
«Бұл жоба Арал маңындағы су қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті қауымдастықтардың климаттық сын-қатерлерге төзімділігін арттыруға ықпал етеді. Оның трансшекаралық сипатының маңызы ерекше, өйткені экологиялық мәселелер елдердің, халықаралық ұйымдардың және жеке сектордың бірлескен іс-қимылын, білім мен тәжірибе алмасуын әрі ұзақ мерзімді серіктестікті талап етеді. Coca‑Cola қорының қолдауын, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстандағы ұлттық және жергілікті серіктестерімізбен қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз», – деді БҰҰДБ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі жобаларының үйлестірушісі Меруерт Сәрсембаева.
Coca‑Cola қорының президенті Карлос Пагоага өз сөзінде: «Қауіпсіз ауыз суға тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету – Coca‑Cola қорының басты басымдықтарының бірі. Біз БҰҰДБ секілді ұйымдарды қолдау арқылы су ресурстарына қатысты өзекті мәселелерді шешуге әрі жергілікті қауымдастықтардың орнықтылығын нығайтуға үлес қосамыз», – деп атап өтті.
Жоба шеңберінде тиімділігі мен қауіпсіздігі көп жылдық тәжірибемен расталған суды тазартудың заманауи технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Тазартылған судың сапасы ауыз судың белгіленген стандарттарға сәйкестігі туралы сертификаттар беретін БҰҰДБ сертификаттаған зертханада қосымша тексеріледі.
Қазақстанның Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Тахтакупыр ауданы қоғамдастығының 4000-ға жуық тұрғыны 2026 жылдың соңына қарай таза ауыз суға қол жеткізе алады. Жоба аясында, сонымен қатар жыл сайын миллиондаған литр су үнемделеді деп күтілуде.
Жобада су ресурстарын тұрақты пайдалануға ерекше назар аударылады. Бастама бағбаншылық саласындағы шешімдерді, жер асты суларын пайдалануды, жасанды су көздерін құруды, сондай-ақ суды барынша аз тұтынатын, көкөністерді өсіру үшін жылытылмайтын жабық типтегі парниктерді енгізуді көздейді.
Жобада, сонымен қатар суды ұтымды пайдалану туралы хабардарлық деңгейін арттыруға бағытталған, суды үнемдеу практикасына жергілікті халықты және білім беру мекемелерін тарту көзделеді. Сонымен бірге, бағбаншылық пен балық шаруашылығында суды тұтынуды азайту әдістері көрсетіледі.
Соңғы бес жылда БҰҰДБ Арал теңізі өңірінде елді мекендердің төзімділігін арттыруға және экологиялық өзгерістердің зардаптарына бейімделуге бағытталған бірқатар бастамаларды, соның ішінде 2021 жылы Coca‑Cola қорының қаржылай қолдауымен бір жобаны іске асырды.